CaspianLife, 17 маусым. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, «Жобалар инновациялық навигаторы» аясында енгізілген бірқатар өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, сонымен қатар, министрлік жанындағы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов өңірдегі әлеуметтік сала мекемелерін аралады.
Сапар барысында Асқар Бияхметов алдымен «Гранд Материк» ЖШС-не барды. Кәсіпорын үш қабатты жең түріндегі пленкадан жасалған арнайы FFS қаптарын өндіруге маманданған. Жобаның жалпы құны — 10 млрд теңге. Зауытта 35 жаңа жұмыс орны ашылған.
Одан кейін вице-министр «Талшыктекс» ЖШС-нің полипропилен геоматериалын өндіру барысымен танысты. 550 млн теңге инвестиция тартылған бұл кәсіпорында 31 адам еңбек етеді.
Сондай-ақ, Асқар Биахметов құбырлар мен жабдықтарды жөндеуге арналған композит материалдар мен түрлі үлгідегі тығыздағыш қапсырмаларды өндіретін «Beruseal Caspian» ЖШС зауытын аралады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 600 млн теңге, 20 жаңа жұмыс орны құрылған.
Айта кетейік, «Жобалар инновациялық навигаторы» платформасын министрлік жаңа кәсіпорындардағы кадрларға деген сұранысты дәл болжау және мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру мақсатында әзірлеген болатын. Бұл платформа 64,3 трлн теңге сомасына бағаланған 1 325 жобаның жүзеге асу барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жобалар іске қосылғанда шамамен 210 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов Атырау облысындағы әлеуметтік мекемелерді аралап, егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйде қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының, қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы мен қарттар мен мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. Ол көрсетілетін қызметтердің сапасы, техникалық жарақтандырылуы мен мекемелердегі жағдайды тексеріп, арнайы әлеуметтік қызмет алушы әр адамға жекелей көзқарас қажет екенін атап өтті.
Ертең, 18 маусымда Асқар Биахметов еңбек инспекциясы және әлеуметтік қорғау саласындағы аумақтық департаменттердің қызметкерлерімен кездесіп, әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін талқылайды.