Caspianlife, 16 маусым. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен параволейболдан Азия чемпионатының финалында Қазақстанның ерлер құрамасы Қытай командасын 3:2 (22:25, 19:25, 25:19, 25:20, 8:5) есебімен жеңіп, тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Турнир барысында Қазақстан құрамасы топтық кезеңді сенімді түрде өтті. Олар Сауд Арабиясы, Жапония және Австралия командаларын 3:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда қазақстандықтар Таиланд құрамасына еш мүмкіндік бермей, тағы да 3:0 есебімен басым түсті. Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақстан құрамасы иеленді, екінші орында — Қытай, ал үшінші орынды Таиланд құрамасы еншіледі.
Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының бірқатар ойыншылары чемпионаттағы үздік нәтижелері үшін арнайы марапаттарға ие болды: үздік доп берген ойыншы — Ерік Қасқабаев, үздік либеро — Шыңғыс Медеуов, үздік тосқауылшы — Алмат Оспанов деп танылды.
Турнир қорытындысына сәйкес, Қазақстан және Қытай құрамалары 2026 жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионаты 6–15 маусым аралығында өтті. Жарысқа сегіз ерлер және жеті әйелдер ұлттық құрамалары қатысты.
CaspianLife редакциясы параволейболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Бауыржан Тахаумен телефон арқылы байланысқа шықты. Біздің редакцияның сұрақтарына жауап берген ол Азия чемпионатына қатысқан құрамдағы он төрт ойыншының тоғызы Атырау отырып ойнайтын волейбол мектебінің тәрбиеленушілері екенін нақтылады. Сонымен қатар, бапкерлік құрам — бас бапкер мен оның екі көмекшісі және команданың екі дәрігері де Атыраудан шыққан мамандар екенін айтты.