CaspianLife, 12 маусым. Атырауда алғаш рет сұйытылған азот пен оттегі өндіретін зауыт іске қосылады. Аймақтың ірі инвестициялық жобаларының бірі болып табылатын TenizEcoService кәсіпорны жақын арада пайдалануға берілмек.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, зауыт Атырау қаласындағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Бұл – сұйытылған азот пен оттегі өндіруге маманданған өңірдегі жалғыз кәсіпорын. Әр қондырғының өндірістік қуаты – сағатына 550-600 келі, ал жалпы қуаты – 1 100-1 200 келі. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
– Зауыт «Сұйытылған азот пен оттегі өндіру зауыты» деп аталады. Екі технологиялық қондырғы Украинадан әкелінді. Құрылыс жұмыстары толық аяқталды, қазір іске қосу және баптау жұмыстары жүргізілуде. Өндірісті маусым айының соңына дейін бастау жоспарланып отыр, – деді «TenizEcoService» ЖШС директоры Алмат Бимагамбетов.
Кәсіпорын мемлекет тарапынан қолдауға ие. «ДАМУ» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдендіру тетіктері пайдаланылуда. Бұл – шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүзеге асуының көрінісі.
Зауыттың негізгі өнімі – сұйытылған азот, сұйытылған және газ тәрізді оттегі. Бұл өнімдер ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда технологиялық жабдықтар мен құбырларды тазалау, жөндеу және іске қосу кезінде пайдаланылады. Басты тұтынушылар қатарында Chevron, NCOC және КПО компаниялары бар. Сұйытылған азот жүйелерден оттегіні ығыстырып шығару арқылы өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.