CaspianLife, 9 маусым. ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті ҰҚК-мен бірлесіп, қазақстандықтардың жеке мәліметтерін интернет кеңістігінде заңсыз сатқан қылмыстық топты әшкерелеп, қызметін тоқтатты.
ІІМ-нің Polisia.kz ведомстволық сайтының хабарлауынша, мәліметтер мемлекеттік базалардан алынған және Telegram-арналар арқылы таратылған, оның ішінде кейбір коллекторлық компанияларға да берілген. 140-тан астам адам, соның ішінде компания иелері мен арна әкімшілері ұсталды. Қазіргі таңда бес күдікті қамауға алынған.
— Коллекторлық компанияларға жүргізілген тінту барысында 400-ден астам компьютер мен түрлі электрондық техника тәркіленді, — деп хабарлады ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 205-бабы 3-бөлігі (ақпаратқа заңсыз қол жеткізу), 147-бабы 5-бөлігі (жеке өмірге қолсұғушылық және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу), сондай-ақ 211-бабы 3-бөлігі (шектеулі қолжетімділігі бар электрондық ресурстарды заңсыз тарату) бойынша қылмыстық істер қозғалды.
— Қатысы бар тұлғалардың толық шеңберін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Жандос Сүйінбай.