CaspianLife, 17 мамыр. Маңғыстау облысында полиция заңсыз көші-қон арнасын анықтап, тоқтатты. Тінту кезінде төлқұжаттар, мөрлер және қомақты қаржы тәркіленді.
ҚР ІІМ-нің Polisia.kz ведомстволық сайтының хабарлауынша, Маңғыстау облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шетел азаматтарына Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы тіркеу, уақытша тұру мерзімін ұзарту және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуге қатысты жалған қызмет көрсету схемасын әшкереледі.
«Өткен бейсенбі, 15 мамырда жүргізілген жедел іс-шаралар барысында үш күдікті ұсталды. Аталған факті бойынша заңсыз көші-қон ұйымдастыру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тінту нәтижесінде 70-тен астам түрлі ЖШС-лердің мөрлері, 75-ке жуық шетел азаматтарының төлқұжаттары, электронды ақпарат тасымалдағыштар, компьютерлік техника, банктік карталар, ХҚКО-ның түпнұсқа құжаттары, шамамен 2 миллион теңге қолма-қол ақша және екі автокөлік тәркіленді. Қазір алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде», — деп хабарлайды Polisia.kz.