Caspianlife, 8 мамыр. Маңғыстау облысының тумасы Архат Баймұхан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында армрестлингтен алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Азия чемпионаты 3 мамырда Үндістанның Нью-Дели қаласында басталды. Байқауға Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан Архат Баймұхан қатысты.
Спортшы 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жоғары дайындық деңгейін көрсеткен Архат Баймұхан қарсыластарынан басым түсіп, сенімді түрде жеңіске жетті.
«Архат Баймұханды тамаша өнер көрсетуімен құттықтаймыз және алдағы уақытта да спорттық жетістіктер тілейміз!», – делінген хабарламада.
Спортшыны жарысқа жаттықтырушы Асхат Олжабаев дайындады.
Азия чемпионаты бойынша армрестлинг жарысы 9 мамырда аяқталады.
(Сурет: Instagram / @mangystau_sport.)