CaspianLife, 17 сәуір. Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орны — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетінің шетел тілдері кафедрасының оқытушылары және география және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенттері бастамасымен «Қазіргі әлемдегі қалалардың экологиялық мәселелері» тақырыбында халықаралық студенттік пікірталас өтті. Аталған шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі — ТДМ 11 (Тұрақты қалалар мен қоғамдастықтар) аясында ұйымдастырылды. Іс-шара ағылшын тілінде, онлайн және офлайн форматта қатар жүргізілді.
Ауқымды пікірталасқа Қытай Халық Республикасының Қашқар университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері, сондай-ақ ҚазҰУ-дың механика және математика факультетінде білім алып жатқан Қытайдан келген шетелдік магистранттар белсене қатысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — еліміздің білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларында көш бастап келе жатқан, әлемдік стандарттарға сай жоғары оқу орны. Университет халықаралық рейтингтерде лайықты орынға ие болып, жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде өзінің орнын айқындап келеді. ҚазҰУ — тек білім мен ғылымның ғана емес, мәдениетаралық диалог пен халықаралық ынтымақтастықтың да беделді орталығы. Пікірталас барысында студенттер урбанизацияның қарқынды дамуымен қатар пайда болатын экологиялық мәселелерді кеңінен талқылады. Қатысушылар заманауи шешу жолдарын, экологиялық мәдениет қалыптастыру және «жасыл» технологияларды енгізу мәселелерін көтеріп, әр елдің тәжірибесімен бөлісті.
Осындай халықаралық іс-шаралар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ашық академиялық алаң ретіндегі беделін арттырып қана қоймай, студенттердің жаһандық ойлау қабілетін, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Университет жастарды тек кәсіби салада ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын, жан-жақты тұлға ретінде тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті шет тілдері кафедрасының аға оқытушылары Лаура Мәдібекқызы Алиярова Салтанат Жұманазарқызы Абдиназарова.