Индер ауданындағы іргелі елдімекендердің бірі саналатын Есбол ауылында бір күнде қос бірдей қуаныш орын алды. Облыстық «Иманғали» мешіті тағы да оң бастаманың жүзеге асуына себепші болды. Республикалық «Ел үлесі – пәтерге» акциясының аясында ауыл тұрғыны Сәтжан Рамазановқа баспана кілті табысталды.
Сәтжан РАМАЗАНОВ, Есбол ауылының тұрғыны:
– Баспаналы болып қалып жатырмын. Иманғали мешітіне рахметімді айтамын. Алла риза болсын. Аман болсын. Адамдарға, жоқ-жітіктерге көмектесе берсін.
Жауын жауса, төбесінен су тамшылап, жел тұрса, қабырғасы қозғалатын үйдің тұрғындары баспана сыйлаған азаматтардың пейіліне дән риза. Ал шашу шашып, құтты болсын айта келген имамдар болашақта бұл шаңырақ тек қуанышқа толсын деген тілек білдірді.
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ, Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы:
– Біз демеушілердің көмегімен және халықтан қаражат жинау арқылы облыс бойынша тоғызыншы пәтерді беріп жатырмыз. Әрине, оның да өзіндік шарттары бар. Пәтері, баспанасы жоқтығына, жағдайының төмендігіне қараймыз. Бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек,көмекті мешіт беріп жатқан жоқ. Мешіт – тек қана ортадағы дәнекер.
Бас имам қиын-қыстау кезеңде көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге шақырып, үндеу тастаған болатын. Оған алғашқылардың бірі болып «Сәби» қайырымдылық қоры қолдау білдіріп, қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құрылғыларды жеткізді. Елге жеткен аманатттың ішінде 2 дана оттегі концентраторы бар.
Шәмшия ҚАЛИМОЛЛАҚЫЗЫ, дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері:
– Есбол дәрігерлік амбулаториясына облыстың бас имамы бастаған бір топ азамат келіп апаратты табыстап жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Ауылымызға осындай қиын-қыстау кезеңде осындай аппарат өте қажет. Мұң-мұқтажымызды ескеріп, жанашырлық танытып, көмек көрсетіп жатқан азаматтарға Есбол селосы ауруханасы, аудан аурханасы атынан алғысымды айтамын.
Дәл осындай көмек көршілес Өрлік ауылдық дәрігерлік амбулаториясына да көрсетілген.