Caspianlife, 12 наурыз. Атырауда Жеңіс саябағы уақытша жабылады. Қалалық биліктің мәлімдеуінше, саябақ аумағында абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Қариполлаевқа сілтеме жасап хабарлады.
— Абаттандыру аясында төсем тастарды жаңарту, тегістеу, жиек тастарды ауыстыру, орындықтарды жаңарту қарастырылған. Жарықтандыру жұмыстары бойынша электр сымдарын ауыстыру, жарық бағаналарын бояу, LED жарықтандыру жүйесін орнату, әскери техникаларды жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар орталық қақпаларды бояу, әскери техниканы жаңарту, әскери техниканың қоршау тізбегін ауыстыру, мрамор жабындарын жаңарту және Мәңгілік алауды орнату жоспарланған,- деді Э.Қариполлаев.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары осы аптада басталып, мамырға дейін жалғасады. Осы кезеңде саябақ уақытша жабылады. Жөндеу аяқталғаннан кейін Жеңіс саябағы жаңарып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналады. Сондай-ақ, Жеңіс саябағының жалпы аумағы 45 400 шаршы метрді құрайтыны атап өтілді.