Caspianlife, 4 наурыз. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Теңіз кен орнындағы «Болашақ кеңейту» жобасын 2025 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Энергетика министрі биылғы мұнай мен газ конденсатын өндіру жоспары туралы баяндады. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 2025 жылы мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 96,2 млн тоннаға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,7%-ға жоғары.
«Өндіру көлемінің негізгі өсімі Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын жүзеге асыру есебінен жоспарлануда. Жобаның іске қосылуы 2025 жылдың 2-тоқсанына белгіленген. Биылғы инвестициялар шамамен 533 млн АҚШ долларын құрайды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, министр Қарашығанақ кен орнында шикі газды кері айдауға арналған алтыншы компрессорды іске қосу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Бұл өндіріс деңгейін жылына 11-12 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. 2025 жылы бұл жобаға шамамен 144 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Алмасадам Сәтқалиев «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» жобалары аясында да жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.