Caspianlife, 20 желтоқсан. Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісім аясында Астрахань қаласында су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың ортақ қорларын басқару жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысы басталды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің (ҚР АШМ БШК) хабарлауынша, 2024 жылы Үкіметаралық комиссияның отырысына Ресей Федерациясы төрағалық етеді. Отырысқа Каспий маңының бес елінің ғылыми ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысуда. Қазақстан делегациясын ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аян Бахиянов басқарады.
Отырыс барысында тараптардың балық ресурстарын аулау квотасын пайдалану, Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын қалпына келтіру және қорғау, сондай-ақ теңіздегі ғылыми зерттеулер негізінде су биологиялық ресурстарының жағдайы туралы есептері талқылануда.
«Сонымен қатар, 2025 жылға арналған ортақ су биологиялық ресурстарын аулау квоталарын бекіту, Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды коммерциялық аулауға тыйымды ұзарту және басқа да мәселелер қаралады», – деп хабарлады ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті.
Комиссия жұмысы 20 желтоқсанға дейін жалғасады. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттама қабылданады деп күтілуде.