CaspianLife, 17 желтоқсан. Атырау облысы полиция департаментінің (ПД) мәлімдеуінше, 29 жастағы Ақтау тұрғыны есірткі заттарын таратуды ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде ұсталған. Күдіктінің жалға алған пәтерін тексеру барысында жалпы салмағы 211,84 грамм болатын «Альфа-PVP» есірткі заты салынған үш zip-пакет және 40 орама табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
«Есірткі заттарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында жөнелту немесе өткізу, егер бұл әрекеттер аса ірі мөлшерде жасалған болса, мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп еске салды полиция департаментінің баспасөз қызметі.
(сурет полиция департаментінен ұсынылған)