Caspianlife, 17 желтоқсан. Бұған дейін хабарланғандай, Қара теңіз айдынында «Волгонефть 239» және «Волгонефть 212» танкерлері апатқа ұшырап, экипаждың бір мүшесі қаза тапты.
Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Қырым Республикасы және Севастополь қаласы бойынша бас тергеу басқармасының мәліметінше, теңіз көлігінің қозғалысы мен пайдаланудың қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша екі қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда.
«Тексеру нәтижесінде мұнай танкерлері биылғы жылдың шілде айында қауіпті жүктерді тасымалдауға жарамдылығы бойынша тексеруден өткені анықталды. 10 қарашада «Волгонефть 212» кемесі «Саратов» портынан «Кавказ» портына жол тартқан. Дауылдың салдарынан танкер порттың солтүстігінде суға батып, мазут төгілген. Кемеде экипаждың он екі мүшесі болған, олардың бірі қаза тапқан. Марқұм – вахта матросы, 23 жастағы Астрахань қаласының тумасы. Он бір зардап шеккен адам түрлі дәрежедегі жарақатпен Анапаның орталық аудандық ауруханасына жеткізілді», – делінген ведомство сайтында жарияланған хабарламада.
Сонымен қатар, «Волгонефть 239» танкері 16 қарашада «Азов» портынан «Кавказ» портына аттанғаны айтылған. Дауыл салдарынан кеме жағалаудан 8 шақырым қашықтықта тұмсық бөлігінен зақымданған. Экипаж мүшелері кеменің артқы бөлігінде қалып, ол «Тамань» портының маңында жағадан 10 метр қашықтыққа ағыс бойынша жылжыған. Қазіргі уақытта құтқару операциясы аяқталды. Экипаждың барлық он төрт мүшесі аман-есен эвакуацияланып, оларға қажетті көмек көрсетілуде.
Тергеушілер тобы Краснодар өлкесі мен Керчь аумағында жұмыс жүргізіп жатыр: қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған теңізшілерден жауап алынуда, сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.
«Техникалық тексеруден өткізген фирмалардан құжаттар тәркіленіп, порт қызметкерлерінен жауап алу және тінтулер жүргізілуде. Сондай-ақ экипаждарға төтенше ауа райы жағдайы туралы хабарлау жөніндегі жедел қызметтердің мәліметтері зерттелуде. Бұған қоса, Пермь және Санкт-Петербургтегі кеме иелерінен жауап алу жоспарланған», – делінген хабарламада.