Caspianlife, 13 желтоқсан. Кеше бейнеконференция форматында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес құрылған трансшекаралық Жайық (Орал) өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан-Ресей Комиссиясының төртінші отырысы өтті.
Қазақстан тарапына Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж.Ш. Әлиев жетекшілік етті. Ресей тарапын Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары С.М. Аноприенко басқарды.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырысқа екі тараптың орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдарының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Тараптар 2021-2024 жылдарға арналған трансшекаралық Жайық (Орал) өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша Қазақстан-Ресей ынтымақтастық бағдарламасының орындалуы туралы ақпаратты тыңдап, қабылдады.
Қазақстан тарапы Ресей тарапына 2025 жылы аяқталуы жоспарланған ғылыми-зерттеу жұмыстары, каналдар мен суару жүйелерін қалпына келтіру, жағалауды нығайту, түбін тереңдету, тазалау жұмыстары, Жайық бассейніне бекіре және тұқы тұқымдас балықтардың шабақтарын жіберу, орманды қалпына келтіру, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою және басқа да іс-шаралар туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Ресей тарапы 2023 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарын аяқтау, тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту, өзен арналары, тоғандар мен су қоймаларын тазалау, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, су айдындарын балықтандыру және еріктілердің қатысуымен экологиялық акциялар өткізу туралы хабарлады.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Ресей аумақтарындағы трансшекаралық нүктелерде Жайық (Орал) өзені бассейніндегі судың сапасын мониторингтеу нәтижелерін талқылады. Екі тарап 2021-2025 жылдарға арналған Жайық (Орал) өзені бассейнінің трансшекаралық су объектілерін мониторингтеу бағдарламасына сәйкес судың сапасын бақылау іс-шаралары толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Тараптар Жайық (Орал) өзені бассейніндегі жайылмалық ормандарды сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ өзендегі бекіре тұқымдас балықтарды қорғау және көбейту бойынша атқарылған жұмыстар туралы бір-бірін хабардар етті.
Тараптар трансшекаралық Жайық (Орал) өзені бассейніне ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық-экологиялық сананы нығайту жөніндегі жұмыстарды жоғары бағалап, экожүйені сақтау мәселесіне назар аударту үшін жас мамандар мен студенттерді тарту арқылы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Ресей тарапы 2025 жылы Қазақстан-Ресей «Жайық (Орал) бассейніне – таза жағалаулар мен тату көршілік» акциясы аясында бірлескен экологиялық іс-шара өткізуді ұсынды. Қазақстан тарапы бұл ұсынысты қолдады.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар трансшекаралық Жайық (Орал) өзені бассейнінің экожүйесін сақтау бойынша жаңа бес жылдық бағдарламаны әзірлеп, бекіту арқылы жұмысты жалғастыруға келісті.