Caspianlife, 12 желтоқсан. Бұл Маңғыстау облысы бойынша ҚР Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті тарапынан анықталды.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары саудасы саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау аясында бірнеше сауда кәсіпорындарының, соның ішінде «ProArt 2017» ЖШС-нің электрондық шот-фактураларына талдау жүргізілген.
Сонымен қатар, 2024 жылдың 4-15 қаңтары аралығында «ProArt 2017» ЖШС «АНВАР» ЖШС-нен 200 кг қарақұмықты 1 килограммына 237 теңгеден сатып алып, оны «Мунайгазстрой» ЖШС-не 298,9 теңгеден сатқан. Бұл да сауда үстемесінің белгіленген 15%-дық шегін асып, 26%-ға жеткен.
Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15%-дан аспауы тиіс. Осыған байланысты департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, «ProArt 2017» ЖШС-не ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабының 1-бөлігі бойынша ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
Сауда орындарындағы тағы бір кең таралған бұзушылық — ішкі және сыртқы сөрелерде көрсетілген бағалардың кассадағы нақты бағалармен сәйкес келмеуі. Мұндай жағдайлар Ақтаудағы «Анвар» гипермаркеті мен «Алтын фуд» супермаркетінде тіркелді.
2024 жылдың 27 қарашасында Ақтау қаласы, 12-шағынауданда орналасқан «Анвар» гипермаркетінде ақ қырыққабатқа көрсетілген бағасы (1 кг үшін 159 теңге) мен кассадағы бағасы (1 кг үшін 237 теңге) арасында 78 теңге айырмашылық анықталды. Сатушыға ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабының 5-тармағына сәйкес 369 200 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 17 қарашасында Ақтау қаласы, 12-шағынауданда орналасқан «Алтын фуд» супермаркетінде «Borjomi» суының баға айырмашылығы анықталды. Сөреге қойылған бағасы 440 теңге болса, кассада 629 теңгеге сатылған. Осыған байланысты супермаркетке ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабының 4-тармағы бойынша 55 380 теңге айыппұл салынды.
Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерлердің сауда қызметін реттейтін заңдарды сақтауын бақылауда. 2024 жылы тексерулер нәтижесінде 134 әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде 112 кәсіпкерге ескерту берілсе, он үш кәсіпкерге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, департамент тауарларға бағалардың болмауы немесе сөрелер мен кассалардағы бағалардың сәйкес келмеуі бойынша бұзушылықтарды анықтады. Осы деректер бойынша 24 қаулы шығарылды.