CaspianLife, 5 желтоқсан. Оның жүк көтеру қабілеті 37 мың кг құрайды. A-400M әскери-көлік ұшағының максималды жылдамдығы – 802 км/сағ, ұшу биіктігі – 12 200 м, ал ұшу қашықтығы – 7870 км.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Әскери-әуе күштерінің ұшақтар паркі A-400M әскери-көлік ұшағымен толықты. Алматыда осы оқиғаға орай ұйымдастырылған шарада Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы күштердің авиаторлары мен шара қонақтарын жеке құттықтады.
Салтанатты митингке Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы», авиация генерал-майоры (запаста) Тоқтар Әубәкіров, Airbus Military еуропалық концернінің өкілі Елена Парийя Мартин, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагері, полковник (запаста) Владимир Платошин, әскери-көлік эскадрильясының жеке құрамы, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, Азаматтық авиация академиясының студенттері және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Ұшақ экипажының командирі, подполковник Асылбек Жұмабаев Испаниядан тұрақты орналасу орнына сәтті жеткені туралы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовқа баяндады. Қорғаныс ведомствосының басшысы шараға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.
– Қазіргі заманғы, мобильді, жоғары технологиялық армия елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғаныс қабілетін нығайтудың кепілі болып табылады және солай қала береді. Бүгін біз мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында жеке құрамды, ауыр жүктер мен техниканы тасымалдауға, гуманитарлық операциялар шеңберінде міндеттерді орындауға арналған әскери-көлік ұшағын алдық, – деді генерал-полковник Р. Жақсылықов.
Министр сондай-ақ Airbus Military компаниясының өкілдеріне тығыз ынтымақтастық пен қазақстандық мамандарды Испанияның Севилья қаласындағы авиациялық дайындық орталығында оқытуға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді.
– Ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрам белгіленген мерзімде авиатехниканы басқару мен қызмет көрсету бойынша теориялық қайта даярлаудан өтті. Концерн өкілдері ұшаққа қызмет көрсету бойынша қажетті технологиялық ақпаратты тапсырды, бұл біздің мамандардың болашақта оны өз бетінше күтіп ұстап, тиісті регламенттік жұмыстарды жүргізуіне мүмкіндік береді, – деп толықтырды ол.
Еске сала кетейік, Airbus Military авиация концернімен ынтымақтастық 2013 жылы басталған болатын. Сол жылы Қазақстан Әскери-әуе күштерінде сәтті пайдаланылып келе жатқан С-295 ұшақтары сатып алынған еді.
Ұшақтың техникалық сипаттамаларын ерекше атап өткен жөн. Оның жүк көтеру қабілеті 37 мың кг құрайды, максималды жылдамдығы – 802 км/сағ, ұшу биіктігі – 12 200 м, ал ұшу қашықтығы – 7870 км.
(Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)