CaspianLife, 28 қараша. Қазақстан мен Ресей 7-ші халықаралық нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қол жеткізілген келісімде диапазондарды бөлу тәртібі бекітілді.
— Қазақстан Республикасы +7 0, +7 6, +7 7 кодтарын пайдалану құқығына ие болады.
— Ресей Федерациясы +7 2, +7 3, +7 4, +7 5, +7 9 кодтарын өзіне бекітті.
Сонымен қатар, бұл процесс екі елдің арасындағы жақсы көршілік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген конструктивті диалогтың нәтижесі екені атап өтілді. Қазақстан мен Ресей екі елдің азаматтарының мүддесінде бөлінген ресурстарды ашық және тиімді пайдалану үшін тығыз ынтымақтастықты жалғастырады.
Осыған қоса, 2021 жылы Қазақстан үшін +997 халықаралық телефондық коды резервтелгені және жаңа кодқа өту мәселесі операторлармен талқыланғаны атап өтілді. Жаңа кодқа өту техникалық тұрғыдан мүмкін болғанымен, бұл бірнеше қаржылық және технологиялық мәселелерді туындататыны және отандық байланыс операторларының барлық абоненттері үшін деректерін барлық қызметтерде жаңарту қажеттілігі туындайтыны айтылды. Сонымен қатар, өтпелі кезеңде ақаулар мен теріс тәжірибелердің болу ықтималдығы жоғары.
«Осыған байланысты, азаматтар үшін қолайлы болу үшін Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады министрлік.