CaspianLife, 27 қараша. Ұлттық компания QazaqGaz басқармасы «GPC Investment» ЖШС-ның жаңа атқарушы директоры ретінде Мұғал Мақымғалиді таныстырды.
Атырау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында «QazaqGaz» АҚ Геология және перспективалық жобалар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Бүркітов Мұғал Төрешұлы Мақымғалиді «GPC Investment» ЖШС-ның жаңа атқарушы директоры ретінде таныстырды. Ол Мұғал Мақымғали кандидатурасы UCC Holding (Катардың Power International Holding компаниясының еншілес кәсіпорны) тарапынан ұсынылғанын атап өтті, себебі жобаны басқару катарлық компаниясының басшылығының бақылауына өтуде.
«Біз Мұғал Төрешұлыны QazaqGaz компаниялар тобына қабылдағанымызға қуаныштымыз. Оның құрылыс саласындағы кең тәжірибесі Қашаган газ өңдеу зауыты жобасының жүзеге асуын жеделдетуге көмектеседі деп сенемін», — деді Ұлан Бүркітов.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мұғал Мақымғали 30 жылдан астам уақыт бойы өнеркәсіптік кәсіпорындарды салу және ірі инфрақұрылымдық жобаларды басқару саласында жұмыс істеген. Бұған дейін ол Атырау мұнай өңдеу зауытында және Аджип-ККО, «Норт Каспиан ПроКон Салюшнс» және «SNC-Lavalin» сияқты компанияларда маңызды қызметтер атқарған. GPC Investment компаниясына тағайындалғанға дейін UCC Holding компаниясында басшылық лауазымда қызмет атқарған.
Ол жұмыс істеген уақыт ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытын кеңейту, «Болашақ» мұнай-газ кешенінің іске қосылуы және Теңіз кен орнында ірі жобалар, соның ішінде кешенді технологиялық желілерді іске асыру сынды жобаларды сәтті жүзеге асырған. Сонымен қатар, Мұғал Мақымғали Швейцария бизнес мектебінде «Мұнай және газ халықаралық менеджменті» мамандығы бойынша Executive MBA бағдарламасын тәмамдаған.
«Жаңа қызметінде Мұғал Мақымғали газ өңдеу зауытының капитальды құрылыс жұмыстарын басқаруға жауапты болады», — деп хабарлады «QazaqGaz» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.