Caspianlife, 27 қараша. Атырау қаласының №2 сотында қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету арқылы адамның өліміне әкелген оқиға бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК 306-бабының 3-бөлігі).
Telegram-арнасы «Атырау соттары» хабарлауынша, «Мұнайшы» спорт кешенінің құтқарушысы, оған жүктелген қауіпсіздік міндеттерін орындамай, 10 жасар қызды ересектерге арналған бассейнге өткізген. Ол бассейннің қауіпті терең бөлігінде, тереңдігі 5,5 метр жерде жүзген. Жүзуге шеберлігі жоқ қыз бассейнде батып кетті. Осылайша, құтқарушының абайсыздығы және төтенше жағдайда көмек көрсету талаптарын сақтамауы баланың өліміне әкеліп соқты.
Сотта прокурор мен айыпталушы арасында кінәсін мойындау туралы процестік келісім жасалғаны айтылған. Жәбірленуші тарап келісім шарттарына келісім берген. Сот шешімі келісім тәртібімен барлық жұмсартатын жағдайларды ескере отырып қабылданған.
«Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасына тартылды. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес жаза шартты түрде тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлады Атырау қаласының №2 соты.