Caspianlife, 26 қараша. Жыл басынан бері Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына соттан тыс банкроттық рәсімге байланысты 1188 адамнан өтініш түскен. Оның 301-і мақұлданып, банкроттық өндіріс басталды. Оның ішінде 81 адам банкрот деп танылды. Қалған 220 өтініш қаралып жатыр. Ал 887 азаматтың өтініші заң талаптарына сәйкес келмегендіктен қанағаттандырылмады.
Бұл туралы Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбол Аманов мәлімдеді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Банкроттықты рәсімдеу үшін азаматтың қарыз сомасы 1 600 АЕК-тен (шамамен 6,3 млн теңге) аспауы, сондай-ақ қарызды өтеу мерзімінің 12 айдан асуы немесе тұрақты табыстың болмауы маңызды.
«Банкрот деп танылған азаматтардың көпшілігі тұрақты кірістің төмендеуі, несие мен қарыз міндеттемелерін өтеу мүмкіндігінің болмауы, еңбек нарығындағы тұрақсыздық сияқты қиындықтарға тап болған. Кейбір адамдардың өтініштері талаптарға сай болмағандықтан банкрот деп танылмайды. Олар бас тарту себептерін жойып, 3 ай өткен соң банкроттыққа қайта өтініш бере алады», — деді А.Аманов.
Ал банкроттық мәртебесін алған 81 адамға алдағы 5 жылдықта банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие алуға тыйым салынады. Сонымен қатар олардың қаржылық жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі.