CaspianLife, 25 қараша. Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жас баланың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда жас баланың өліміне әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетін жасағаны үшін айыпталғандар С. және Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 141-бабының 2-бөлігі).
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы С. 2023 жылғы 21 мамырда рұқсат құжаттарын алып, өз атына «Д» жеке кәсіпкерлігін тіркеп, «Чебурашка» квазимемлекеттік балабақшасын ашқан. Осы мақсатта 2023 жылғы 26 мамырда Атырау қаласынан екі қабатты ғимаратты жалға алған. 2023 жылғы 07 шілдеде Д. балабақша директорының бұйрығымен топ тәрбиешісі қызметіне жұмысқа қабылданған. Функционалдық міндеттері бойынша сотталушылар балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапты болған. 2023 жылғы 01 қарашада кәмелетке толмаған 2020 жылы туған М. тәрбиешісі сотталушы Д. болып табылатын топқа қабылданған. 2024 жылғы 10 шілдеде сағат 10.45 шамасында С. және Д. өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамай, М.-ны қараусыз қалдырған. Нәтижесінде М. кәріз құдығына құлап, қазаға ұшыраған.
Сотталушылар кінәларын толықтай мойындады.
Сондай-ақ, олардың кінәлары оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, фотокестелермен, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелін тапты. Прокурор сотталушыларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар және олардың қорғаушылары бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот шешімі бойынша ҚК-тің 141-бабының 2-бөлігінің санкциясында белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 5 жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. С.-ның кінәсін толық көлемде мойындауы, отбасылық жағдайы, денсаулық жағдайы, тұрғылықты жерінен жағымды жағынан мінезделуі, Д.-ның кінәсін толық көлемде мойындауы, асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы, тұрғылықты жерінен жағымды жағынан мінезделуі танылды.
Сотталушылар ҚК-тің 141-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-тің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалып, белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.