Caspianlife, 25 қараша. Ғимараттың ашылу салтанатына аймақ басшысы Серік Шәпкенов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және сала мамандары мен ардагерлері қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Өрт сөндіру депосы аудандардың ішінен алғаш рет Қызылқоғада ашылды. Жаңа ғимарат қызылқоғалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Өрт сөндіру бөлімінің жаңартылған базасы аудан аумағында орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға тез әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді»,- деді С.Шәпкенов.
Шара барысында ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, олардың қауіпсіздік сақтаудағы жауапты қызметін атап өтті. Аудандағы ескі өрт сөндіру бекеті көптеген жылдан бері типтік емес ғимаратта орналасты. Жаңа өрт сөндіру бекеті барлық заманауи стандартқа сай екі автокөлікке арнап салынған. Ғимарат — екі қабатты.
Мұнда арнайы көлік тұрағы, байланыс пункті, оқыту залы, асхана, жуынатын бөлме, басшылық құрамының арнайы бөлмелері, сондай-ақ кезекшілер тынығатын бөлмелер, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, өрт сөндіру жабдықтарын күту посттары және құралдар-жабдықтар қоймасы бар.
Сонымен бірге өрт сөндіру депосының ғимаратының аумағында бір қызметтік пәтер бар. Жаңа өрт сөндіру бекетінде қызметкерлерді оқытуға және олардың дене шынықтыруына арналған орын бар.
Сонымен қатар бөлімге жаңа техникалар берілді: 8 және 6 тонналық екі өрт сөндіру камазы, трэкол, авариялық құтқару жұмыстарына шығуға арналған арнайы 2 автокөлік пен құрал-саймандар.
Айта кетейік, ауданда төтенше жағдайлар бөлімінің 3, №10 өрт сөндіру бөлімінде 30 қызметкер жұмыс істейді.
Сондай-ақ аудандағы Тасшағыл ауылынан ангар типтегі 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы салынуда.