CaspianLife, 12 қараша. S&P Global жүргізген зерттеуге сәйкес, соңғы онжылдықта ТШО-ның өндірістік қызметі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) жыл сайын шамамен 11%-ын қамтамасыз етіп келді, ал ТШО мен оның мердігерлік компаниялары елдің мемлекеттік кірістерінің шамамен 30%-ын қамтамасыз етті.
Теңізшевройл (ТШО) компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024 жылдың үшінші тоқсанында қазақстандық жеткізуші компаниялардың тауарлары мен қызметтерінен түсетін табыс шамамен 2,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ, берілген ақпаратта ТШО сатып алған тауарлар мен қызметтердегі қазақстандық мазмұнның жалпы деңгейі 70%-ға жететіні нақтыланған.
«Бұл деректер Теңізшевройлдың мұнай-газ өнеркәсібінде жергілікті ресурстар мен кәсіпорындарды дамыту және алға жылжыту тұрақты дамудың маңызды бөлігі екенін көрсетеді», — деп хабарлады баспасөз релизінде.
Сонымен қатар, ТШО үздіксіз өндірістік қызметті жетілдіруді жалғастырып, қауіпсіздікке, қызметкерлердің денсаулығын қорғауға, сондай-ақ халық пен қоршаған ортаны қорғауға баса назар аударып отырғаны айтылған. 2024 жылдың тоғыз айында ТШО су ресурстарын үнемдеу шараларын жүзеге асырып, судың 47%-ын қайта пайдаланды.
«Іс-шаралар мен кадрларды даярлау және дамыту бағдарламаларының арқасында көбірек қазақстандықтар маңызды және басшылық лауазымдарды атқаруда. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жоғарғы және орта буын басшыларының 88,6%-ы – қазақстандықтар. Сонымен қатар, компанияның 95%-дан астам қызметкері қазақстандықтар», — деп атап көрсетілген хабарламада.
1993 жылдан бастап ТШО Атырау облысының тұрғындары мен қызметкерлері үшін әртүрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 2,9 миллиард АҚШ доллардан астам қаражат жұмсады, оның ішінде «Игілік» атты ерікті әлеуметтік инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызды объектілердің құрылысын жүргізу және әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жұмыстары бар.