CaspianLife, 29 қазан. Бұл туралы «BAIZAAR MALL» ЖШС заңгері Руслан Ізбасов баспасөз-брифигінде мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Сауда орталығында 60 дүкен бар. Оны жалға алушылар сауда орталығы қайта қалпына келтірілгенге дейін төлем ақыдан босатылады. Айта кетейік, мұндағы дүкендердің барлығы бірдей бүлінбеген. Өрт салдарынан киім-кешектер мен заттардың біріне су тисе, енді бірі түтін астында қалған. Қазір тергеп тексеру жұмыстары жүруде. Бәрі жекелей қаралады», — деді ол.
«Алдын-ала болжам бойынша өрт сауда орталығының екінші қабатында орналасқан «Детский мир» дүкенінің қоймасынан шыққан.
Одан әрі 688 шаршы метр аумақтың шатырына жайылған. Оқиға орнында штаб құрылып, өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді. Өрт сағат 21:58-де оқшауланып, сағат 22:50 де толықтай сөндірілді. Ғимараттан 80 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Қазір оқиға бойынша ҚР ҚК 292-бабы 1 бөлімімен (өрт қауіпсіздік талаптарын бұзу немесе сақтамау) сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Осыған орай тергеу барысында барлық тиісті сараптама тағайындалады»,-деді Атырау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Б.Абдуллин.
Сонымен қатар оқиға орнында департаменттің психолог мамандары эвакуацияланған адамдарға және кәсіпкерлерге психологиялық көмек көрсеткен. Жедел жәрдемнің 2 бригадасы, «Апаттар медицинасы орталығы» ММ 4 қызметкері, 50 полицей, 23 бірлік техникасы және шұғыл әрекет ету мекемелері жұмыс істеген.