CaspianLife, 17 қазан. 2016 жылы Атырау қаласындағы 7 баланың анасы тұрғын үй комиссиясының шешімімен «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына жатқызылып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж азаматтарға баспана алу кезегіне қойылған.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, алайда екі жылдан кейін тұрғын үй комиссиясы көпбалалы ананы Атырау облысы Мақат ауданында күйеуінің атына тіркелген үйіне сілтеме жасап, кезектен шығарған.
Әйел Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотын Мақат ауданының әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қатысты хаттамалық шешімнің бір бөлігін заңсыз деп тану туралы талаппен жүгінді. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдарды «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы әлеуметтік қорғалатын осал топтар тізімінде бұрынғы кезегін қалпына келтіруге міндеттеуін сұрады.
МАӘС-ы, істі қарап, талап қоюшының көпбалалы ана екенін, «Алтын алқа» алқасымен марапатталғанын және оның отбасы «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына жататынын анықтады.
Сот талапкердің мүмкіндігі шектеулі баланы үйде оқыту үшін аудан орталығында пәтер жалдауға мәжбүр болғанын ескереді, себебі ол тұрған үй Мақат ауылынан 22 шақырым жерде орналасқан.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 73-бабының 1-тармағына сәйкес, «Алтын алқа» иегері мемлекет есебінен тұрғын үй алғанға дейін есептен шығарылмайды. Осыған байланысты сот талапты ішінара қанағаттандырды.
«Талап қоюшыға қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің хаттамалық шешімінің бір бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Сот бөлімді талап қоюшыны бұрынғы кезекте – «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы әлеуметтік осал топтар тізіміне қалпына келтіруге міндеттеді», — деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жергілікті соттардың қорытындысымен толық келісіп, жауапкерлердің кассациялық шағымын қанағаттандырмады.