CaspianLife, 15 қазан. Өңірде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру мақсатында WorldskillsAtyrau-2024 чемпионаты тоғызыншы мәрте өткізіліп жатыр, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Чемпионат аспаз, тігінші, дәнекерлеу ісі, IT саласы сынды сан түрлі жұмысшы мамандықтарды қамтиды. 160 студент 42 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Олардық практикалық жұмысына 160 сарапшы баға бермек. 3 күнге созылатын білім бәйгесі 12 нысанда өтеді деп жоспарланып отыр.
— Worldskills қозғалысы – студенттердің оқитын мамандықтары бойынша білімін тексеріп, жұмыс берушілермен байланысын нығайтуға бағытталған. Жылдан жылға қатысушылардың саны артып келеді. Колледж студенттерінің жұмысшы қолдар олимпиадасына дайындықтары жоғары деңгейде, — деді Worldskills қозғалысының Атырау қаласы бойынша техникалық делегаты Раушан Тілепбергенова.
Сайыс 18-ші қазанға дейін жалғасады. Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алады.
Айта кетейік, былтыр Атырау облысының студенттері «Worldskills Қазақстан» ұлттық байқауында 1 алтын, 2 қоланы қанжығалап, 7 қатысушы «Үздік маман» медалін иеленді.