Қазақстандық бизнес-қауымдастық бастаған челленджді атыраулық кәсіпкерлер де іліп әкетті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Менің атамекенім» қоғамдық қоры ұйымдастырған марафонның алғашқы күнінде тоғыз жергілікті атыраулық компания қатысқан еді. Жұмыла кіріскен істің нәтижесінде 200 азық-түлік қорабы жиналды.
— Осы үш айдан бері Атырау бойынша да, еліміз бойынша да індетке байланысты көптеген шаралар жасалып келе жатыр. Бәріміз бұл індетті бірліктің арқасында жеңбесек, қиын болады деп ойлаймын, — деді кәсіпкер Әлібек Семғалиев.
Қораптар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға таратылды. Ал оларды қажетті орынға жеткізу үшін еріктілер көмектесті.
— Мұндай көмек ешқашан артық етпейді. Берілетін қораптар өте қажетті деп ойлаймын. Себебі, жұмысынан айырылып, жалақысыз қалғандар үшін үлкен көмек, — деді ерікті боп жүрген Гүлнәз Қосмұрзиева.
Акцияға қатысам деушілерге шектеу жоқ. Көмекті қаржылай немесе заттай ұсынуға, тіпті, ерікті ретінде де атсалысуға болады. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл эстафета әлі де жалғасын табады.