CaspianLife, 6 қыркүйек. Елде тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жетілдірілмек. Мұны Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Мәжіліс отырысында айтты.
Оның сөзінше, қолданыстағы заң әбден ескірген. Мысалы, тұтынушылар құқығын қорғаушылардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, медицина, туризм, байланыс және тағы басқа маңызды қызмет салаларында қолы байлаулы. Қарапайым халықтың құқығы бұзылса консултативті көмек беріп немесе өзге құзырлы органдарға арыз жолдап қана шектелетін.
Жаңа заң жобасы күшіне енсе, енді әуе билеттерінің барлығы қайтарымды болуы мүмкін. Жолаушы ұшпай қалса, ақшасы қайтпай қалады деп уайым қылудың еш қажеті жоқ. Туристік жолдамалармен де дәл солай. Бұдан бөлек онлайн сауда да тұтынушының құқығын қорғау туралы ережелер енгізіледі.
Бұл құжатты әзірлеуді Президент үш жыл бұрын тапсырған еді.Қазір заң жобасы қаралу үстінде.Тек бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ, құжатқа сай елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен пайда болуы мүмкін.