CaspianLife, 28 тамыз. Биыл қызылқоғалық шаруагерлерге егін шаруашылығы үшін 155 гектар жер телімі берілді.
Аудандағы шаруашылық ұжымы егін жинау науқанына кірісіп 258 тонна өнім алған, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шаруагерлер 39 тонна картоп, 98 тонна көкөніс және 121 тонна бақша өнімдерін жинаған. Егін жинау науқаны күзге дейін жалғасады.
Егіншілікті кәсіп қылған шаруагерлердің бірі Салауат Мұратұлы. Ол былтырдан бастап әкімдіктен жер алып, егін егуді қолға алған.
-Биыл егіс алқабын ұлғайттым. Электрлі мал қоршау мен құс қашыратын құрылғылар алып 3 адамды жұмыспен қамтыдым. Сәйкесінше, бақша өнімдерін сатылымға шығара бастадық, — деді ол.
Анықтама үшін: 155 гектар жер телімі 8 тұрғынға бөлінген. Сонымен қатар, Миялы ауылынан 15 гектар, Жангелдин ауылы маңынан 5 гектар жер кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарына берілген. Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарына «К-702», Соқа, Трактор «Беларусь-920», тырма,» Культиватор» техникаларымен көмек көрсетілді.