CaspianLIfe, 21 тамыз. Премьер-Министр Олжас Бектенов 2024 жылғы XVII жазғы Паралимпиада ойындары қарсаңында Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесті.
Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайтында хабарлады.
Үкімет басшысы Паралимпиада жаттығу орталығында еліміздің спортшылары Пара ойындарының ашылу рәсімінде салтанатты түрде алып жүретін Қазақстанның мемлекеттік туын ұлттық олимпиада құрамасына табыс етті.
Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтеді.
«Паралимпиада – бұл жай ғана спорт емес, бұл адам бойындағы қайсар рух пен шексіз ерік-жігердің шынайы көрінісі. Сіздердің жеңіске деген құштарлық, бейбіт күннің батырларына тән қаһармандық қасиеттеріңіз қандай құрметке де лайық. Миллиондаған адам жанқиярлық еңбек пен өр мінезден шабыттанып, өмірдегі қиындықтарды еңсеруді үйренеді. Бүгін өздеріңізге табыс етіп отырған көк туымыз – айбынды рухымыз бен мызғымас бірлігіміздің, жарқын жеңістің нышаны. Мемлекет басшысы әлемнің ең басты спорт сайыстарында ел намысын қорғау мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік екенін айтты. Сіздер халықаралық аренада Қазақстанды лайықты дәрежеде танытып, елімізге жоғары нәтиже, жаңа жүлдемен оралатындарыңызға сенімдіміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Елімізде паралимпиада спортын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жасалып, жаңа жабдықталған спорт кешендері ашылды. Мамандандырылған спорт дайындық орталығы, 15 спорт клубы, 3 мектеп және спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Қолдау бағдарламалары енгізіліп, жаттықтырушылар корпусы дайындалды.
Премьер-Министр ұлттық паралимпиада құрамасының екі ту ұстаушысы – Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетовке (отырып ойнайтын волейбол) және Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиеваға (пара оқ ату) мемлекеттік туды табыс етті.