CaspianLife, 20 тамыз. «Dina Market» ірі сауда желісінің Ақтаудағы филиалы қапталған құс филесін сөреде көрсетілген бағадан 444 теңгеге қымбат сатқан, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті.
ҚР СИМ Сауда комитетінің Маңғыстау облысы бойынша аймақтық департаментінің кәсіпкерлік нысанға қатысты сотқа шағымдануының негізінде Маңғыстау облыстық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 193 бабы, 5 тармағы бойынша кінәлі деп танып, сауда заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Кәсіпкерлік нысанға 200 АЕК көлемінде айыппұл салды(738 400теңге)
193 бап 5 тармағы аталған баптың 4 тармағы 1 жыл ішінде қайталанған жағдайда қабылданады.
Ал 193 баптың 4 тармағы сауда сөрелерінде тауар құны теңгемен көрсетілмеген жағдайда немесе тауарды сөреде көрсеткен бағадан қымбат сатылғанда жауапкершілікке тартады.
Сауда комитеті тұтынушыларға сауда жасаған кезде чекті талап етуге, тауардың сөредегі құны чектегі бағамен сәйкес келмеген жағдайда құзіретті органдарға шағымдануға кеңес береді. Сауда заңнамасының қандай да бір талаптары бұзылған жағдайда Сауда комитетінің аймақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне E-Өтініш арқылы шағымдануға болады.