CaspianLife, 20 тамыз. «Болашақ» деп аталатын жаңа ауданға кезең-кезеңімен 100 отбасы қоныстанады. Тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру шаралары аясында Құлсарыда тамыз айының соңына дейін 80 үй пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Құрылыс алаңында жергілікті 8 мердігер мекеме және 414 жұмысшы жұмылдырылды.
Осы айдың соңына дейін 80 үй пайдалануға берілсе, қалған 20 үй қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.
Әр үйдің көлемі 100 шаршы метр, 5 бөлмеден тұрады. Қазіргі уақытта, 84 үйдің қабырға қалау жұмыстары бітті. 57 үйдің төбежабындысын жабу жұмыстары жүріп жатыр. 35 үйдің сылақ жұмыстары басталып, 43 үйге терезе орнатылды. Сонымен қатар, жаңа үйлерген электр, су, кәріз желісі тартылды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Атырау облысында барлығы 2 674 объектіге техникалық тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша:
— 100 үй салу (100 басталды);
— 1 376 үй сатып алу (1 372 сатып алынды);
— 1 198 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу (1 191 аяқталды).