CaspianLife, 14 тамыз. ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы қаңтар айында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын қабылдауды тапсырды.
Президенттің тапсырмаларын орындау аясында 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғаныс саласындағы кешенді бірінші кезектегі шаралар жоспарына заманауи авиациялық техниканы сатып алуға қатысты өзгерістер енгізілді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қаржылық лизинг механизмі арқылы он бір әуе кемесін сатып алу жоспарлануда. Қажетті сома көлемі 24,8 млрд теңге 2027 жылға дейін республикалық бюджеттен кезең-кезеңімен бөлінетін болады. Бұл мәселе республикалық бюджеттік комиссияның отырысында тұжырымдамалық қолдау тапты.
«ТЖМ-нің материалдық-техникалық базасын нығайту авиациялық техникамен қамтылатын аймақтарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Әуе кемелері қиын қолжетімді аймақтардағы төтенше жағдайлар аймақтарынан адамдарды эвакуациялау және құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет етуін қамтамасыз ету үшін қолданылады. Сонымен қатар, су тасқыны және өрт қаупі бар кезеңдерде мониторинг тиімділігін арттыру мақсатында пайдаланылады», — делінген ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің хабарламасында.