Caspian life, 13 тамыз. 2020 жылы екі азамат «Жібек Жолы Атырау» және «Ақмаржан-Атырау» деген атпен екі тұрғын үй құрылыс кооперативін құрған. Осы кооперативтер 2020-2021 жылдары Атырауда «Ақмаржан» және «Жібек Жолы» тұрғын үй кешендерін салу үшін 220 азаматтан шамамен 2 миллиард теңге тартқан. Құрылысқа қатысу туралы келісімдерде құрылыс пен пайдалануға беру мерзімі 2021 жылдың қазан және желтоқсан айлары деп көрсетілгенімен, белгіленген мерзімде құрылыс аяқталмаған.
Құқықтық тексеру барысында анықталғандай, бірдей пәтерлер бірнеше рет сатылған. 2023 жылы кооперативтердің құрылтайшылары алаяқтық және мүліктік зиян келтіру үшін 6 жыл бас бостандығынан айырылды.
220 үлескер Атырау қалалық сотына екі кооператив пен олардың құрылтайшыларына қатысты талап-арыз беріп, келісімдерді бұзу мен аяқталмаған құрылыс объектілерінен алынған қаражатты жаңа ЖСК-3-ке өткізу туралы талап қойды. Сот олардың талаптарын негізді деп тауып, толық қанағаттандырды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.