CaspianLife, 12 тамыз. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлайды. Үкімет талап арызды 10 миллиард доллардан астам сомаға көбейтті.
Bloomberg-тің жағдаймен таныс дереккөздеріне сілтеме жасай отырып жазған мәліметіне сәйкес, Қазақстан үкіметі Қашаған кен орнын игеріп жатқан халықаралық консорциумға арбитраждық талаптарының сомасын 160 миллиард доллардан асырды. Бұл шешім үкіметтің кен орнындағы кейбір мәмілелерден сыбайлас жемқорлық белгілерін анықтауынан кейін қабылданды.
Қазақстанның талаптары осылайша 10 миллиард доллардан астам сомаға өсті және агенттік сұхбаттастарының айтуынша, бұдан да жоғарылауы мүмкін. Қазақстан тарапынан келіссөз жүргізушілер консорциум қатысушы компанияларының талапты бірнеше бөлікке бөлу туралы ұсынысын қабылдамады.
Bloomberg-ке ешбір тарап ресми түрде түсініктеме берген жоқ. Қазақстанның консорциумға қатысты талаптары туралы өткен жылы белгілі болған еді. Бастапқыда билік дауларды бейбіт жолмен шешу қажеттігін айтқан болатын. Энергетика министрлігі және басқа да құрылымдар талаптардың мәні мен өсіп жатқан сомасына қатысты пікір білдірмеді.
Консорциум акционерлері – ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы, Eni, Shell, ExxonMobil, Total, CNPC және Inpex. Қашағанды игеруге қатысушылар жалпы 55 миллиард доллардан астам инвестиция салған.