CaspianLife, 31 мамыр — ТЖ басталғалы Атырау облысы және қала тұрғындарын қамтамасыз ететін ауыз су және су құрылғыларынан сынама алу жұмысы күшейтілді. Бүгінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуді тоқтатпау үшін сынама алу нүктелер саны артып, тексеру жиелігі күшейтілді. Мамандардың айтуынша, қазіргі судың сапасында өзгерістер бар.
Атырау қаласындағы су қондырғысына жүргізілген сынамада ауыз судан гигиеналық нормативке сәйкессіздік анықталған жоқ. Бірақ спикер, Жайық өзенінің тұнбалығы мен лайлылығы, құрғақ қалдықтары бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде, ашық судан су ішуге болмайтынын ескертті.
Жалпы ТЖ басталғалы ашық және ауыз судан облыс бойынша 900-ден астам сынама алынды. Оның ішінде 300-ден астам сынама қала аумағында жүргізілді. Ашық су көзінен алынған 32 сынаманың 16-сы гигиеналық нормативке сәйкес еместігі анықталды.