CaspianLife, 27 мамыр — Махамбет ауданы Талдыкөл елді мекеніндегі ТЖ байланысты ауыл тұрғындарын жалпы түрде эвакуациялау 25-мамырдан бастап жүргізілді. Олар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің және APEC Petrotechnic жоғары колледжінің жатақханасына орналастырылды.
«Қазіргі уақытта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 1-жатақханасына 19 бала, 11 ересек, барлығы 30 тұрғын орналасты. Тұрғындар 3 мезгіл тамақпен, қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бұлардан бөлек тағы эвакуацияланатын халық үшін осы жатақханада 450 орын дайын тұр» -дейді Атырау облысы Білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзин.
Бүгінде университет жатақханасында орналасқан тұрғындарға 2 дәрігер, 2 фельдшерден құрылған дәрігерлік бригада медициналық көмек көрсетуде. Олар таңғы сағат 8-ден түңгі 12-ге дейін жұмыс жасауда.
27-мамырдағы мәліметке сүйенсек, Талдыкөл елді-мекенінен қалаға эвакуцияланған тұрғындар саны 219. Оның 82-сі ересек адам болса, балалар саны 137.