Ақтауда қандала уынан екі баласы қайтыс болған ата-ана тергеу процесінің созылып бара жатқанына алаңдап отыр. Сөздеріне қарағанда оқиға болғалы бір айға жуық уақыт өтсе де қорытынды шығар емес және мамандар дәрінің құрамын анықтай алмай отыр.
10 айлық және 2,5 жастағы екі кішкентайынан бірдей айырылған әке пәтерін улаған көршісін жазалауды сұрайды. Жанболат Кемелдновтың айтуынша, күдікті тергеу абақтысында емес, үйінде жүр. Және қандаланы улайтын дәрі кез-келген жерде сатылмаса екен дейді. Ал полицейлер қылмыстық істің қозғалып, ойдағыдай жүріп жатқанын хабарлады. Тек сараптама қорытындысы дайын болмай, жұмыс баяулап қалған көрінеді.
Естеріңізге түсірейік, бұл оқиға 23-қазан күні 7 ықшам аудандағы №14 үйде болды. Үй иесі баспанасын улайтьындығы туралы не көршілеріне, не тиісті компанияға айтпапты. Атауы белгісіз 40-қа жуық таблетканы пәтер ішіне шашып, есігін тарс жауып кете барған. Ал келесі күні жоғары қабатта тұратын отбасының 7 адамы уланып, ауруханаға жеткізіледі. Алайда ақ халаттылар жеткенше 10 айлық және 2,5 жастағы екі кішкентай жан тәсілім етті.