2020-2022 жылдары Атырау қаласының әкімі болған Қайрат Оразбаевты Атырау облыстық прокуратурасының қызметкерлері ұстады.
Экс-әкім қазір тергеу абақтысында отыр. Қайрат Оразбаевқа қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша айып тағылған. Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы ресми түрде хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қыркүйектің соңында қалалық әкімдікке қарасты бірнеше бөлімнің экс-басшылары ұсталған еді.
Оларға элиталық ықшам аудандардағы 30-ға жуық жер телімін заңсыз берген деген айып тағылған. Тергеу мәліметіне қарағанда экс-шенеуніктер жекеге берілмейтін учаскелерді оңды-солды таратып, талан-таражға салыпты.
Нәтижесінде, мемлекетке 1,1 миллиард шығын келген. Мұны сол кезде Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша тексеріс жүргізген прокурорлар мәлімдеген еді. Енді бұл үшеудің ісінің экс-әкім ісімен байланысы бар ма, жоқ па – ол жағы әзірге беймәлім. Өйткені қылмыстық процессуалдық кодекске сүйенген құзырлы орган өкілдері өзге ақпарат беруден бас тартты.