Caspian Life, Атырау. Атыраулық балықшылардың балық аулауға бөлінген квотаны игере алмай қалуы мүмкін. Бұған су айдындарының таяздануы себеп. Биылғы жылдың шілдесінен келесі жылдың шілдесіне дейін балықшыларға Жайық өзенінен 4200 тонна, Каспий теңізінен 7200 тонна су маржанын аулауға рұқсат берілген. Алайда, өңірдегі 20 кооператив қазірге дейін оның 10 пайызға да жетпейтін көлемін игеріпті. Балықты кооперативтерге бұрынғыдай тонналап емес, келілеп тапсырып жүрміз, — дейді балықшылар.
Судың таяздануы туралы проблеманы әкімдіктегілер талай көтерген. Қазір өзеннің сағасын тереңдету жобасының сметалық құжаты дайын тұр. Жобаға сәйкес, ұзындығы 13,6 шақырым, ені 40 метр болатын судың тамағын 3 метрге дейін тереңдетіп қазу жоспарлануда.
Мамандардың айтуынша, су маржандарын көбейту үшін тереңдету жұмысын жасау аздық етеді, шабақ та жіберілуі тиіс. Мұның бәрі ойдағыдай жүзеге асса, Жайықтың арнасынан асып, балығының тайдай тулап жататын кезі алыс емес.