700-ден астам атыраулық алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың балалары алдындағы қарызы 1 млрд теңгеге жуық. Алимент төлемей жүргендердің көбі жұмыстың жоқтығын сылтауратса, кейбірі арнайы орындарға дұрыс ақпарат бермей, әуреге салады.
Сондықтан прокурорлар 29 қыркүйектен жеке сот орындаушылармен бірігіп рейд ұйымдастырып, бала алдындағы әкелік міндетін орындамайтыны өз алдына, оларды материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуді де жөн көрмейтін жандардың үйін аралауға кірісті.
Прокурорлардың сөзінше алименттен жалтарып жүргендер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де өткізеді. Ұсынылған жұмыстан бас тартқандар заң алдында жауап береді. Рейд нәтижесінде күні бүгінге дейін 4,7 млн теңге алимент өндірілген. Ал жыл басынан бері баласының алдындағы қарызын өтемеген 689 адам әкімшілік жазаға тартылыпты. Олардың 150-ге жуығына айыппұл салынса, 400-ден астамы әкімшілік қамауға алынған. Ал, қалғаны сот шешімін күтіп жүр.