CaspianLife, 28 қыркүйек — Атырау облысы Мақат ауданында әнұранға құрмет көрсетпеген әскери қызметкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды CaspianLife.
16 қыркүйекте Мақат ауданында «Зарница» әскери-спорттық ойыны басталарда Мемлекеттік гимн орындалған. Бір әскери қызметкер оң қолын жүрек тұсына екі саусақпен қойып, әнұранға әдепсіздік танытқан.
Осыған орай, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталық облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкіміне ұсыныс жолдап, әнұранға құрмет көрсетпеген азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы («ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу») 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрапты.
Әскери қызметкерге 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 172 500 теңге айыппұл салынды. Егер оны бір апта ішінде төлеп үлгерсе, тек жартысын ғана өтейді.