CaspianLife, 29 тамыз — Биыл Құлсары қаласында 300 орындық мектеп ашылады, деп хабарлайды Caspian Life Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа мектепте 1 қыркүйектен бастап оқушылар екі ауысымда білім алады. Бір сыныптағы оқушының саны 25-тен аспайды. Мектеп аумағында футбол және ойың алаңы, ұзындыққа секіруге арналған орын, демалыс аймағы мен автотұрақ бар.
«Информатика сабақтары үшін компьютерлік үстелдермен, компьютерлермен жабдықталған. Ал шет тілін үйрену үшін 12, 13 оқушыдан төрт мультимедиялық кабинет ұйымдастырылған. Кабинеттерге лингафондық-мультимедиялық жабдықтар қойылған. Металл және ағаш шеберханалары үстел үсті бұрғылау станоктарымен, токарлық станоктармен, муфель пешімен жабдықталған. Қыздарға арналған еңбек кабинетінде электр жетегі бар тігін машиналары, айна, манекен, үтіктеуге арналған үстелдер, маталарға арналған шкаф қойылған. Тамақ дайындау бойынша оқу сабақтары өткізілетін аспаздық кабинетте электр плитасы, тоңазытқыш, араластырғыш бар»,- деді Атырау облысының құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Сонымен бірге, мектептің жертөлесінде Алғашқы әскери дайындығы сабағына арналған 25 метрлік тир орналасқан. Оған қоса медициналық кабинет, 96 орынға есептелген акт залы мен оқушылардың тамақтануы үшін 104 орынға арналған асхана да қаралған.