CaspianLife, 25 тамыз — Шекара аймағындағы ойын Құрманғазы ауданындағы Қазақстан-Ресей бірлескен оқу-жаттығулары аясында өткен, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Ресей құтқарушылары шекара аймағындағы дала өртін сөндіру бойынша бірлескен оқу-жаттығуларын өткізуде. Оқу-жаттығудың мақсаты — іргелес аймаққа өту қауіпі бар ірі табиғи өрттерді жоюда практикалық іс-қимылдары мен құралдарды жетілдіру.
Жаттығу кезінде Атырау және Астрахань облыстарының өрт сөндірушілері Құрманғазы ауданы Сафон елді мекеніндегі отты сөндірді. Бұл оқу-жаттығуға Атырау облысы ТЖД мен РФ ТЖМ Астрахан облысы бойынша бас басқармасының 80-нен астам жеке құрамы мен 13 техникасы қатысуда.
Кеше аталған оқу-жаттығу аясында екі аймақ құтқарушыларының арасында ерекше футбол матчы өтті. Мұндай ойындар әр жыл сайынғы оқу жаттығу жиыны кезінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ойынның ерекшелігі — құтқарушылар ыстық күннің астында толықтай жауынгерлік киіммен футбол ойнайды. Әр командада 8 құтқарушы 10 минуттан 2 тайм ойын өткізіп, жеңімпаз анықталғанға дейін ойнайды.
Өткен жылы матчта көрші елдің құтқарушылары жеңген болса, биыл ойын тең нәтижемен аяқталды. Ал пенальти кезеңінде Атыраулықтар қақпаға дәл түсіп, 7:6 есебімен жеңіске жетті.
(фото мен видео: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі)