CaspianLife, 17 тамыз — «Қазақстанның даму банкі» АҚ «АтырауНефтеМаш» компаниясына қаржылай қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, зауыт дайындайтын өнімнің түрін көбейтіп, қуатын арттыруды мақсат етіп отыр, деп хабарлайды CaspianLife.
Ірі мұнай компанияларымен жұмыс істейтін мекеме осыған дейін аталған банктен 11 миллиард теңге шамасында несие алған. Нәтижесінде, өндірістік цехтар ашылып, мамандар оқытылған. Яғни, бірлескен жұмыс оң нәтиже көрсеткен.
Өңірге жұмыс сапарымен келген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен оған қарасты мекемелердің басшылары зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, жобаларын қолдауға дайын екендерін айтты. «Қазақстанның даму банкі» басқарма төрағасының баяндауынша, зауыт несиесін уақытында төлеп отыр. Жұмыстарында да ілгерілеу бар. Енді өндіріс орнына қосымша 1,5 миллиард теңге бөлуге ниетті. Бұл қаржы несие немесе лизинг түрінде берілуі мүмкін.
Қазіргі уақытта өндіріс орнында жұмыс қарқынды жүргізілуде. «Былтырмен салыстырғанда тапсырыс көбейді» дейді зауыт басшылығы. Басты мәселе – Қазақстанда сапалы металдың аздығы. Зауыт жұмысына қажет негізгі шикізатты Еуропадан әкеліп отыр. Бұл – артық шығын мен уақыт.