CaspianLife, 17 тамыз — «Заңсыз жұмыстан шығарды» деп наразылықтарын білдірген мақаттық өрт сөндірушілер датын айтып, «Аманат» партиясына жүгінді, деп хабарлайды CaspianLife
Бір айдан астам уақыттан бері талай табалдырықты тоздырғандар кімге шағынарын білмей дал болып жүр. Айтуларынша, олар «Интергаз Орталық Азия» компаниясының мердігері «GR World» ЖШС-нен жалақыны 50 пайызға өсіруді талап еткен. Өйткені алып жүрген еңбекақылары 85 мың теңгеден аспайды. Жұмыс беруші болса, бұл талапқа келіспейтінін айтып, 17 адамды қызметінен босатқан. Кейін басқа кісілерді жұмысқа алыпты. Мақаттық өрт сөндірушілер тапсырыс беруші компанияның мердігері жиі ауысатындықтан, бірнеше жылдан бері еңбек демалысына да шықпағандарын айтады.
Жиналысқа онлайн қосылған «GR World» ЖШС директоры Азат АҒАТАЕВ жұмысшыларға қызметте қалуын сұраған. Олар еңбекшартына қол қоймаған соң, амалсыздан осындай әрекетке бардық, дейді. Мұны «Интергаз Орталық Азия» АҚ өкілі де растап отыр. Ал еңбек инспекторлары жағдайдың күрделі екенін айтады. Өйткені еңбекшарты жасақталмаған соң, өрт сөндірушілерді жұмыстан заңсыз шығарды деп айту қиын. Жиын соңында «Аманат» партиясының өкілдері мақаттық өрт сөндірушілердің мәселесін жоғарыға жеткізетінін айтты. Сонымен қатар, Астанадағы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қорытындысы шыққан соң, тағы бір мәрте жиналыс жасауға келісті.