CaspianLife, 16 тамыз — «Ауланы абаттандырғаннан не пайда, өзіміз құлайын деп тұрған үйде өмір сүріп жатырмыз». Бұл Атыраудағы Сырым Датов көшесінде орналасқан 31-үйдің тұрғындарының жанайқайы, деп хабарлайды CaspianLife.
Олар жаңбыр жауса ең алдымен шелек іздейді. Қыста да үйдің салқындығынан қиналады. Жертөленінің де жағдайы адам шошырлықтай. Лас суға толы. Үйде егеуқұйрық қаптап жүр. Жылу жүйелері ашық-шашық жатыр. Қабырғаларында жарықтар пайда болған. Бір сөзбен айтқанда, ғимарат адам көргісіз күйде. Тұрғындардың айтуынша, 5 қабатты үй бір жаққа қисайып барады.
Ғалия ИСМУРЗИНА, Сырым Датов 31 үйінің тұрғыны
«Оған кеткен ақшаны лучше бітіп, құлайын деп тұрған аварийный үйге ең болмаса подвалдарымызды түзеп берсе деймін. Бізге мынаның кереметтілігінен, әдемілігінен не пайда?!Мынау үйлеспейді де ғой, жараспайды. Неге ақылдаспайды, неге қарамайды? Осы жерді бастап жасаңдар дегенде ол кісі неге қарамайды, 31 үй нашар үй ғой, ол үйге әдемілік жараспайды ғой деп. Нағып ойламайтын аамдар?»
Енді тұрғындар 40 пәтерлі үйді апатты деп таныса, не термомодернизация жасалатын үйлердің тізіміне қосса екен дейді. Салынғанына ондаған жылдың жүзі болса да жөндеу көрмеген. Қазір үйге пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетпейді. Тұрғындар қолымыздан келгенше жыртығымызды жамауға тырысып жатырмыз деп отыр. Алайда, жертөлені тазартып, канализация жүйесін дұрыстауға бәрінің бірдей жағдай жетпейді. Мәселемен танысқан қалалық әкімдіктегілер проблеманың жуықта шешілмейтінін ашық айтты. Себебі, баспана апатты деп танылған жағдайдың өзінде де 5 қабатты үйдің тұрғындарын көшіруге аз ақша пен уақыт кетпейді. Және бұл жұмыс жеке инвесторлардың қызығушылығына байланысты.
Рафхат ЖОЛДИЕВ, Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі
«Мына үйді көшіру үшін 2 миллиардқа жуық ақша керек. +Инвестормен жұмыс жасап жатырмыз. Үкіметтен қаражат бөлініп жатқан жоқ.Сондықтан жақсы сізді кіргізіп қояйық. Бірақ, ол 7-8 жылда шешілмейді. Ашығын айтқанда, сіздерді списокке кіргізіп, көшірі жіберетін мүмкіндік жоқ қалада. Біз 2008 жылы апатты деп таныған үйді әлі көшірген жоқпыз».
Қалалық әкімдіктегілер бюджеттің қаржысына экспертиза жасалатын үйлердің тізіміне осы баспананы қосуға жұмыстананын айтты. Себебі, 5 қабатты үйдің жағдайына кәсіби баға беру үшін мамандар аз ақша сұрамайды.Үйдің тағдыры сараптаманың нәтижесіне байланысты. Себебі, мамандар баспананы апатты деп есептей ме, әлде жөндеу жұмыстары жасалу керек деп қорытынды шығара ма, белгісіз. Әзірге жылу желілері мен канализация жүйесін, жалпы туындаған проблемаларды тұрғындар өз күштерімен шешу керек.