caspianlife, 14 тамыз — Атырауда «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен ATYRAU QUIZ ойынының облыстық кезеңі өтті. Ақтық мәреге аудандық және қалалық іріктеу сайыстарынан жолдама алған 22 команда қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеу ойындарында 500-ге жуық атыраулық білім сынаған. Бұл жастар арасында квизге деген қызығушылықтың жоғары екендігін көрсетеді дейді олар, деп хабарлайды CaspianLife.
Ойын «Кіріспе», «Сөзжұмбақ», «Тізбекті логика», «Үш әріп», «Қисын» және «Ақтық мәре» деп аталатын 6 кезеңнен тұрды. 150-ге жуық қатысушы логикалық түрлі сұраққа барынша дұрыс жауап беруге тырысты. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша Атырау қаласынан қатысқан «Питүн» командасы 37 ұпаймен жеңіске жетті.
Екінші орынды Мақаттан келген «Bas Time Maqat» командасы иеленсе, үздік үштікті атыраулық «Газ 50» командасы түйіндеді. Ойын соңында барлық қатысушыларға алғыс хат, ал жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды.