CaspianLife, 10 тамыз — Атырауда халықаралық жастар күні қарсаңында жас отбасылар арасында байқау өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
«Отбасы – ұлағат ұясы, ұлт айнасы» атты іс-шараға аймақтан жиналған 7 жанұя қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Алғашқы айналымда қатысушылар өздері жайында дайындаған бейнеролик көрсетсе, екінші айналымда ән-биден шашу шашты.
«Шара туралы таратылғаннан кейін бізге өтініштер келіп түсті. Өтінім тастағандардың арасынан 4 турға бөлінеді. Біріншісі видео түсіру керек болды таныстыру, соны инстаграм парақшасына сала отырып, біздің қатысушымыз атанды. Олар екінші турға, яғни, бүгінгі шараға өткен болатын. Өте талантты жастар, әсіресе, жас отбасылар. Бұлар жай ғана жас отбасы емес, өнерде жүрген сол салада қызмет ететін адамдар қатысып отыр. Жаңағы күйеуі де, жұбайы да барлығы өнер адамдары болып шықты» — деді ұйымдастырушы Нұрсұлтан Зиядаев.
Қатысушылар үшінші айналымда қазақтың салт-дәстүрлерін қаншалықты жақсы білетіндіктерін дәлелдесе, соңғы «Атадан қалған мұра» атты кезеңде отбасындағы құнды жәдігерлерін таныстырды. Мұнда бірі көненің көзі саналатын бұйымдарды алып келсе, енді бірі мұра ретінде ата-анасынан үйренген өнері айтты. Махамбет ауданынан келген Ғасырбековтар жанұясы бас жүлдені иеленді. Қазылар алқасы олардың жұмыстарын жоғары бағалады.
«Әділқазылар әділ бағасын берді деп ойлаймыз. Қалған қатысушылар да негізі осал болған жоқ. Барлығы мықты. Бірақ, Алла бұйырып тұр. Бақ берді, баршаңызға мың да бір алғыс, рахметімізді айтамыз. Кез келген жарыстың өзінің қиындығы бар. Сондықтан да, осы 4-5 күнгі дайындалдық. Соның нәтижесін бүгін көрдік» — деді «Үздік жас отбасы» байқауының жеңімпазы Айбек Ғасырбеков.
Барлық жеңімпаздарға естелік және қаржылай сыйлық табысталды. Сондай-ақ, «Өнегелі отбасы», «Парасатты отбасы», «Өнерлі отбасы» және «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алғандар да сый-сияпаттан құр қалмады.