CaspianLife, 10 тамыз — Бүгін Абай күнінде атыраулықтар ұлы ақынның 178 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Абай ескерткішінің алдында өткен мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Жиын Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры әртістерінің театрландырылған прологымен ашылды. Марат Мурзиев жиылғандарды құттықтап, қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлғаны ұлықтап, насихаттау – парыз екенін айтты.
«Әр ұлттың біртуар перзенті – өз халқына қашан да мақтаныш. Ал, біздің мақтанышымыз, әрине — Абай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап көрсеткендей, «Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Ұлы Абай — біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға». Себебі Абайдың жолы тек қазақ мәдениеті мен әдебиеті, ғылымында ғана емес, бар әлемге мұра. Қазіргі таңда оның еңбектері үлкен зерттеуге қойылғаны ақиқат. Ұлы ақынымызды артымыздан ерген жастарға, келер ұрпаққа насихаттау — баршамызға парыз» — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Іс-шарада Абайдың өлеңдері оқылып, әндері айтылды. Сондай-ақ келушілер үшін жергілікті суретшілердің сурет көрмесі, Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Абай — дана, Абай — дара қазақта» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер қойылды.
Фото: Stan.kz